Жолда қалған оқушылар құтқарылды
Қостанай ауданына қарасы Рыспай елді мекенінің жанында мектептің шағын автобусында болған балаларды қар құрсауынан құтқару операциясы сәтті жүргізілді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлады.Көлік Рыспайдан Талапкер ауылына бара жатқан жолдан шыға алмай қалған. Балалар үйлеріне жеткізілді. Автобуста 7 оқушы болған. Төтенше оқиға жайлы Солтүстік өңірлік аэромобильді жедел құтқару жасағына хабарлама түсті. Құтқарушылар «ТРЭКОЛ» маркалы жол талғамайтын көлікпен келіп жетті.
Аз ғана уақыттың ішінде олар автобусты қардан шығарып, баратын жеріне жеткізді. Сол көлікпен құтқарушылар қар басқан жолда жеңіл машиналар жүргізушілері мен жолаушыларға да жәрдемдесті. Жасақ басшысының орынбасары Сергей Шмидт хабарлағандай, олар Рыспай, Белозерка, Балықты ауылдары аумағында қарға батып қалған. Барлығы 22 адамға көмек көрсетілді.