Баба рухына құрмет
Редакцияға Қостанай қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Марат аға Қасымов келіп, көкейіндегі жүрген ойларымен бөлісті.
Ол биылғы жылдың 24 ақпанында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің халық алдында берген есебінде айтылған мәселелерге тоқталып (өңір басшысының бұл есебі жайында материал газетіміздің 26 ақпан 2016 жылғы санында жарияланған – автор.), солардың бірсыпырасы орындалып жатқанына көңілі толатынын жеткізді.
Сол есепті мәжілісте ардагерлер тарапынан Марат аға ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринді (биыл Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл – автор.) насихаттауға байланысты жұмыстардың өңірде дұрыс атқарылмай жатқанынан хабардар қылған. Ол өз сұрағында 1884 жылы Ыбырай Алтынсариннің тікелей басқаруымен Қостанай қаласында кірпіші қаланған қазақ мектебінің орнына жаңадан ғимараты тұрғызылған «Дарынды балаларға арналған мектеп интернатының» алаңына ескерткіш белгі орнатуды сұрайтынын өтінген.
– Бұл ескерткіш таста «Осы жерде 1884 жылы Ыбырай Алтынсариннің ұйымдастыруымен Қостанай қаласында алғашқы рет қазақ мектебі ашылды. Бүгінге дейін он мыңдаған түлектер білім алып, қазақ елінің қалыптасып, ел болуына, Егеменді Қазақстанға қызмет атқаруда…» деген сөздер жазылып, Ыбырай атаның суреті және сол мектептің бейнесі көрсетілуі қажет,– деп Марат Әнуарбекұлы сол бір мәжілісте айтқанын әрі сол мектептің түлегі екенін әңгімеледі.
Бір жақсы жаңалығы – алғашқы өтініш мақұлданып, қазір қала әкімдігі мектеп алаңында Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш тас орнатуда.
Ал, екінші сұраққа ойыссақ, бұл Ыбырай Алтынсариннің мазары турасында еді. Өңір басшысына қойылған сауалда «Қостанай қаласының маңында Ыбырай Алтынсариннің жерленген жерінде 1992 жылы мазары салынды. Содан кейін жөндеу, абаттандыру, көгалдандыру, көріктендіру, тазалық жұмыстарын жүргізу дұрыс қолға алынбай отыр. Үйлену тойларына байланысты жастар, ел азаматтары мен қарттары тәу етуі үшін барса, қынжылып қайтады. Соған орай Сізден (Архимед Бегежанұлынан – автор.) Ыбырай бабамыздың зираты орналасқан кең көлемді жерінде мазарды көлемді түрде жаңадан күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық іс қағаздарын бекіттіріп берілсе, халықтың, данышпан бабамыздың аруағы разы болар еді» делінген.
– Бұл екінші сұраққа Қостанай ауданының жаңадан тағайындалған әкімі Қайрат Ахметов қазірден бастап қолға алған көрінеді. Іскер, халықты ұйыта білетін басшы Қайраттың осы ісіне біз разы болып қалдық. Әрине, мұның бәрі тікелей өңір басшысы Архимед Бегеженұлына байланысты ғой. Оның өзекті сауалды аяқ асты қылмай дер кезінде қимылдап, іс бітіріп, «Көркейе бер, Қостанай» акциясын одан әрі жандандыра түскені деп білемін. Ал, енді үшінші сауалдың жөні мүлде бөлек. Бұл мәселені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолға алса ғана шешімін таппақ.
Үшінші сауалды Марат аға сол мәжіліске қатысып отырған аталған министрліктің басшысына – Арыстанбек Мұхамедиұлына және Архимед Бегежанұлына қойған екен. Мұнда қазақта Үш Арыс барын, олар: Шоқан, Ыбырай, Абай екенін, ал, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринге еліміздің екі үлкен қаласында – Алматы мен Астанада ескерткіш орнату қандай таразымен өлшенетінін баяндап, мұңын шақты. Осыған орай биыл ағартушының 175 жылдығына орай Астанада ескерткіш тұрғызылса және Қостанайда бала оқытуға байланысты бір мазмұнды монумент орнатылса, бұл болашақ ұрпақты білімге тәрбиелеудің аса қажетті жолы екенін жеткізеді.
Еңбек ардагері Марат Әнуарбекұлы барлық жайтты толғана айтып, болашақта баба рухына тағзым тек осындай құрметпен ғана одан әрі жалғасатынын білдірді.
P.S. Айтпақшы, газет қатталып жатқанда Марат аға хабарласып, Ыбырай Алтынсаринге қойылатын ескерткіштің ашылуы 12 тамызда сағат 12-00- де Дарынды балаларға арналған мектеп интернатының алаңында болатынын мәлімдей отырып, барша мектеп түлектерін салтанатты ашылу рәсіміне қатысуға шақырады.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.