Ой сынына түсті
Қаладағы №2 мектепте мемлекеттік қызметкерлер арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті. Сайысқа жиырмадан астам мемлекеттік органдар мен әкімдігі өкілдері қатысты.
Бірінші топта ерлер және екінші топта нәзік жандылар ой сынына түсті. Ерлер арасында бірінші орынға Қостанай ауданы, Жамбыл селолық әкімдігінің маманы Мәди Өтегенов ие болса, ҚР мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің қызметкері Диас Ахметжанов екінші орынды иеленді. Үздік үштікті техникалық және метрологиялық комитеттің облыстық департаментінің маманы Болат Байкин қорытындылады. Әйелдер арасында облыстық білім беру басқармасының маманы Салтанат Базарбаева жүлделі бірінші сатыға жайғасты. Екінші орынды облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің маманы Жұлдызай Жақанова алды, үшінші орынды облыс әкімдігінің қаржы басқармасы маманы Динара Момбаева місе тұтты.
– Тоғызқұмалақ – қазақ халқының көне заманнан келе жатқан ұлттық ойыны. Бұл ойын адамның бойындағы қисын және тапқырлық қабілеттерін анықтап қана қоймай, логикалық, математикалық және сабыр сақтау қасиеттерінің дамуына ықпал етеді. Облыстың түкпір-түкпірінен мамандар келіп, өзара мықтыны анықтады, – деді екінші орынға ие болған Диас Ахметжанов.
Жеңіске жеткендерге мақтау қағазы мен арнайы сыйлықтар берілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыстық департаменті, Қостанай қаласы әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімі мамандары бұл бастаманы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізетінін жеткізді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ