Ардагерлер ұйымы – өнеге бастауы 

«Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!». Бұл – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында айтқан сөзі. Елбасы айтқан Тәуелсіздік ұғымы дегенде ардагер аталарымыз ойға оралады. Бейбітшілік үшін жан алысып, жан беріскен жауынгерлер бүгінде бір-бір үйдің аталары.IMG_7413 Алмағайып заманды бастан кешкен қариялар қазіргі күні ұрпағына жөн сілтер ақылшыға айналды. Елімізде Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің басын қосатын үлкен ұйым бар. Ол «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі деп аталады. Әрбір облыс орталықтарында және қала, аудандарда жеке-жеке филиалдары жұмыс істейді. Аталмыш бірлестіктің Қостанай облысындағы филиалын өңірдегі беделді қоғамдық ұйымдардың бірі де бірегей деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі, бірлестіктің мүшелері – ардагерлер, өмірдің ыстық-суығына төзіп, талай сыннан сүрінбей өткен арда ерлер. Облыстық ардагерлер ұйымы үшін былтырғы жыл жемісті болды.IMG_7438 Әсіресе, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шараларды тізе берсек саусақ санауға, бармақ бүгуге жетпейді. Жасалған жұмыстың бір парасы облыстық ардагерлер кеңесінің VII есеп беру-сайлау конференциясында айтылды. Араға бес жыл салып өткен ауқымды конференцияға аудан, қалалардан 91 делегат келді. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев арнайы қатысты. Есеп беру-сайлау конференциясы ҚР Әнұранымен ашылды. Жиналғандар соңғы бір екі жылда дүниеден озған ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Есеп беру баяндамасын жасаған облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжебек Укин соңғы бес жылдағы еліміздің әл-ауқатына тоқталды. Мінберге шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары атқарылған игі істерді бір шолып, қарияларды ойландырған бірқатар мәселелерді атады. IMG_7347Қазіргі уақытта облыста 275 ҰОС-ның ардагері мен 10 мыңға жуық тыл еңбеккері бар. Былтыр Астана қаласындағы мерекелік іс-шараға біздің облыстың атынан 17 Ұлы Отан соғысының ардагері қатысты. 2014 жылы бір ардагер Мәскеудегі парадқа барды. Оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек түрлері жетерлік. Десек те, ардагерлерді алаңдатқан мәселелер де бар. Соның бірі қариялардың денсаулығына қатысты. Кейбір ауруханаларда жасы жетпістен асқан адамды қабылдамайды. Жекеменшік емханалардағы ем-дом шараларының бағасы қымбат. Тегін дәрі-дәрмек тізімі де шектеулі. Алдыңғы толқын ағалар осы аталған кемшін тұстар өз шешімін тапса дейді.    Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасын, оның орынбасары мен жауапты хатшыны, президиум мүшесін қайтадан сайлау күн тәртібінде белгіленген болатын.Соған сай, көпшіліктің бір ауыздан дауыс беруімен Кенжебек Укин облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы болып қайта сайланды. Конференция барысында орталық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев төрт ардагерді марапаттады. 

IMG_7383Кенжебек УКИН,
Қостанай облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы: 

– Халқымыз үшін 2015 жыл маңызды оқиғаларға толы болды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы республика аумағында тойланды. Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚР Конституциясының 20 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы кеңінен аталып өтілді. Осы аталған мерейтойлық даталардың ішінде шоқтығы биік тұрғаны Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Біздің облыстың ардагерлері де Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. 
1941 жылғы желтоқсанда Қостанайда 151-ші жеке атқыштар бригадасы жасақтала бастады. Оның құрамындағы жауынгерлердің басым көпшлігі Қостанай облысының тұрғындары болатын. 1942 жылдың 26 сәуірінде 151 жеке атқыштар дивизиясы қазіргі Қостанай қалалық балалар шығармашылығы мектебінің ғимараты орналасқан жерде жеке құрамдарға бөлініп, майдан даласына аттанды. Құрамында қостанайлық жауынгерлер бар дивизия адамзат тарихындағы ең ірі қанқұйлы соғыстың нүктесін қойды. Біз батыр бабаларымызбен мақтанамыз, олардың жасаған ерліктері әрқашан есте.  

IMG_7406.Балтабай УӘХИТОВ, 
Аманкелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Ауданымыздағы ардагерлер мен тыл еңбеккерлері өскелең ұрпақтың жүрегіне ұлтқа деген патриоттық рухын ұялатып, Отанына деген сүйіспеншілікті санасына сіңіруде. Елбасы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің IV съезінде «Сіздерден басқа кім жастарға рухани-патриоттық күш-сезімді, азаматтықты көрсете алады? Сіздер ғана жас ұрпаққа туған елге деген сүйіспеншілікті үйрете аласыздар» деген болатын. Осыған арай аудандық ардагерлер ұйымы жыл сайынғы жоспарлық жұмыстармен қатар халық арасында теріс ағымдар туралы түрлі кездесулер мен имандылық бағытындағы іс-шараларды ұйымдастырды. Аудан әкімінің қолдауымен және белсенді азаматтардың демеушілігімен Ақсай, Қарасу ауылдық округтерінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жаңадан ескерткіш тақта орнатылды.
Биыл 1916 жылы Әбдіғапар хан мен Аманкелді батыр бастаған ұлт азаттық көтерілісіне 100 жыл толады. Бұл тарихи оқиға еліміздің Тәуелсізідігінің бастау бұлағы болғанын ешкім жоққа шығара алмайтын ақиқат. Осы тарихи оқиғаны атап өтуге арналған іс-шаралар жасалуда. 
 
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓