Ала доп армандарға жетелейді
Балалар мен жасөспірімдердің футболға деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын ұстану және футбол ойынын насихаттау мақсатында футболдан Арқалық қаласы әкімінің жүлдесі үшін мектеп оқушылары арасында аймақтық жарыс болып өтті.
Екі топқа бөлініп,сынға түскен балғын аяқ-допшылар турниріне барлығы 24 команда қатысты. Нәтижесінде кіші топтар арасында жүлделі үшінші орынды Целинный негізгі мектебі еншіледі. Екінші орынды Фурманов орта мектебі иеленсе, жарыс жеңімпазы болып Қараторғай орта мектебі танылды. Жоғары топтар арасында үшінші орынды Қайыңды орта мектебі иеленді. Екінші орын Майкөтов орта мектебіне бұйырды. Ал, бірінші орынды және қала әкімінің кубогын А.Макаренко орта мектебінің футболшылары жеңіп алды. Жеңімпаз атанған командалардың арасынан алдағы уақытта футболдан Әлем, Еуропа чемпионаты сияқты дүниежүзілік додаларда Қазақстан намысын қорғайтын ойыншылар шығады деген үміт мол.
Гүлперзент Мақажан,
"Қостанай таңы" газетінің жас тілшісі.
Арқалық қаласы