«Серпіндіктер» бас қосты
Рудный индустриялық институтында Қостанай облысы оқу орындарының «Көшбасшы-Сардарлары» жиналыс өткізді. Оған «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алып жатқан Қостанай, Арқалық, Жітіқара мен Рудныйдың студенттері қатысып, жан-жақты мәселелерді таразы талқысына салды.
Елбасының өзi тiкелей қолдау көрсетiп отырған «Серпiн – 2050» жобасын елiмiздiң iшiндегi «Болашақ» бағдарламасы деуге болады. Себебi, маңызы жоғары. Бүгiнде солтүстiк өңiрлерде халық саны және жұмыс күшi аз. Есесiне, оңтүстiкте керiсiнше. Мұнда бiрнеше дипломы бар мамандардың өзi жұмыс таппай сенделiп жүр. Осы жұмыс күшiн елiмiздiң солтүстiк, орталық және шығыс өңiрлерiн өркендетiп, индустрияландыру шарасына тарту – құптарлық қадам. «Серпiннiң» басты мақсаты да осы.
Былтыр «Серпiн – 2050» жобасы бойынша 2050 түлек 7 университет пен 25 колледжге оқуға қабылданса, биыл гранттар саны 6200-ге жеткенін айта кеткен жөн. Ағымдағы жылы жобаға 19 жоғары оқу орны мен 47 колледж тартылып, студенттер 120-дан астам мамандық бойынша бiлiм алып келеді. Әсiресе, жобада техникалық мамандықтарға басымдық берiлген. Атап айтсақ, «ССКӨБ» АҚ үшін инженерлік-техникалық кадрларды даярлайтын Рудный индустриялық институтына биыл 150-ге тарта «серпіндік» қабылданды. Олар тау-кен ісі, жылу энергетикасы, электр энергетикасы және осы уақытқа дейін тек орыс топтарына ғана оқытылған металлургия, ақпараттық жүйелер, көлік техникасы және технологиясы, технологиялық жабдықтар мен машиналар сияқты мамандықтар бойынша білім алып келеді. Білім алып қана қоймай, институт пен қаланың қоғамдық, мәдени және спорттық іс-шараларына белсене араласуда. Ертең олар кен алыбы мен өңірдің басқа да кәсіпорындарына жұмысқа келіп, өндірісті өркендетуге өзіндік үлес қосатыны сөзсіз. Сондықтан да «серпіндіктерге» артылар жауапкершілік пен сенім мол.
Жиын барысында жер-жерден келген «Көшбасшы-сардарлар» жатақханамен қамтылу, оқу және тәрбие жұмыстарын жүргізу мен жоспарланатын іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Жер-жерден келген студенттер өздеріне жасалған жағдайлар туралы еш бүкпесіз айтып жатты. Мәселен Жітіқара политехникалық колледжінің студенті Дастан Рысбек жатақханада дене шынықтыру залы мен түрлі үйірмелер қарастырылғанын айтса, Торғайлық аграрлы-техникалық колледжінің сардары «серпіндіктердің» республикалық спорт жарыстарындағы жетістіктерін мақтанышпен атап өтті. Рудныйлық студент, Қостанай облысының аймақтық «Көшбасшы-сардары» Оңдасын Әлиев жатақханадағы студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында «Жаңа серпін» қозғалысын құрып, сол бойынша іргелі жұмыстарды атқарып жатқандығын баяндады.
Жиналыс барысында «Көшбасшы-Сардарлар» бір-біріне өздерін қызықтыратын сұрақтар қойды. Өз идеяларымен, ойларымен және ұсыныстарымен бөлісті. Отырыс қорытындысы бойынша серпіндіктердің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныстар қабылданды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ