“Дәрігер болу бала күнгі арманым еді”
Қостанай "Жедел медициналық жәрдемінің Қостанай қалалық стансасы" МКҚК көптеген уақыттан бері қала тұрғындарының денсаулығына қауіп төнсе, жедел көмек беріп келеді. Осыған орай, жедел жәрдем қызметкерімен репортаж жасаудың сәті түсті. Педиатриялық бригаданың фельдшері Әмина Балтабекова өз ісінің маманы. Бала күнінен дәрігер болуды армандаған Әмина Аманкелдіқызы өз арманына жеткенімен, қызметінен рахат алып қана қоймай, көпшіліктің өміріне араша түсіп келеді. Жұмыс күні басталысымен, алғашқы болып, біздің бүгінгі кейіпкерімізге шақырту келіп түсті. Дереу жедел жәрдем көлігіне отырған сәтте, біздің сұхбатымыз басталды.
– Әмина Аманкелдіқызы, жедел жәрдем қызметіне қалай келдіңіз?
– Мен Қарасу ауданының тумасымын. Бала күнімнен арманым медбике болу еді. Тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін Қостанай қаласы медициналық училищесіне құжаттарымды тапсырдым, сынақтан бір балл жетпей қалды. Қайтадан он бір жылдықты жалғастыруға тура келді. Сөйтіп, мектепті тәмамдағаннан кейін, Қостанай қаласы медициналық училищесінің емдеу ісі мамандығы бойынша оқуға түстім. 1997 жылы училищені аяқтағаннан кейін алғашқы еңбек жолымды туған жерім Қарасу ауданынан бастадым. Сонда 11 жыл бойы фельдшер болып қызмет еттім. Ауданда жүріп, медицинаның қыр-сырына қанық болдым. Медицинаның әр саласында мол тәжірибе жинақтадым. 2008 жылы Қостанай қаласының жедел жердем стансасына ауыстым. Міне, мұнда қызмет еткеніме алты жылдай уақыт болады. Сол ауданнан алған тәжірибем қиын да күрделі жедел жәрдем стансасында тез бейімделіп кетуіме септігін тигізді.
– Әйел адамы нәзік жанды болып келеді ғой. Мамандығыңызда айтарлықтай қиындықтар кездесті ме?
– Егер бұл сенің сүйіп таңдаған мамандығың болса, онда ол өз қиыншылықтарымен қызық. Мысалы, кенеттен шақыртулар болып тұрады. Жанұямда он екі жасар қызым бар. Есімі – Меруерт. Оқу озаты. Қазір ол Қарасу ауданында анаммен бірге тұрады. Ол да менің жолымды қуып, дәрігер болуды армандайды. Бір қызығы менің анам да, әкем де медицина саласына түк қатысы жоқ. Әкем шопыр, анам аспазшы.
– Жалпы жедел жәрдем қызметінің ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз?
– Жәрдем қызметінде жұмыс істеу өте қызық. Күніне әрқайсымыз 25-30 адамға медициналық көмек көрсетеміз. Ал біздің жедел жәрдем қызметінде 15 бригада жұмылдырылған. Әр жедел жәрдем бригадасының профилі болады. Мысалы, бірі тек нәрестелерді емдесе, енді бірі кардиологиялық белгісі бар науқастарға барады. Жалпы, біздің жедел жәрдем стансасы дәрігерлік, желілік, педиатриялық және тасымалдау бригадалары болып бөлінеді. Мен балаларға қатысты шақыртуларға ғана барамын. Жалпы біздердің қызметіміз алғашқы көмек көрсету болғандықтан, берген бағытымыз дұрыс болуы керек. Бізде әр сәрсенбі және бейсенбі сайын бас дәрігердің басшылығымен дәрістер өтеді. Дәрісте медицина саласындағы жаңалықтар, жаңадан пайда болған ауру түрлері және оларды емдеу жолдары, жаңа дәрі-дәрмектер жайында ақпараттар беріледі.
– Сіздердің мамандықтарыңыз адам өмірімен тығыз байланысты. Жақында сізді бір баланы құтқарып қалды деп естіген едік. Қалай болғанын айтып берсеңіз?
– Мен үшін ол бір өзгеше жағдай емес. Бұл жедел жәрдем қызметінің күнделікті атқаратын міндеті болғандықтан, маған үйреншікті. Бір жарым жасар сәби жекеменшік емханада 1 аптадай ем қабылдаған екен. Алайда бала толық айығып кетпей, іші өтіп, құса беріпті. Ем қабылдаса да, қайтадан ыстығы көтеріліп, жедел жәрдем қызметін шақыртты. Біз барған кезде баланың жағдайы тым ауырлау екен. Ыстығы көтерілген, тыныс алуы да өзгеше. Біз оларға дереу емханаға жатып емделуге кеңес беріп, оларды өзімізбен бірге алып шықтық. Нәрестеге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Емханаға барар жолда жедел жәрдем көлігінің ішінде бала дірілдеп, жағдайы күрт өзгере бастады. Уақыт өткізбей қалалық балалар емханасына аман-есен алып жеттік, – дейді фельдшер Әмина Аманкелдіқызы.
Алғыс
Қостанай қаласының жедел жәрдем қызметіне ерекше жүрекжарды алғысымызды білдіреміз. Жедел жәрдем ұжымы өздерінің жоғары біліктілігі мен жылдамдығының арқасында 2014 жылдың 18 сәуірінде 9.00-10.00 уақыт шамасында біздің баламыздың өмірін сақтап қалды. Адам өміріне араша болған фельдшер Балтабекова Әмина Аманкелдіқызына, диспетчер Веременко Светлана Петровнаға және көлік жүргізушісі Чеченков Алексей Егоровичке ыстық ықыласымызды білдіреміз. Зор құрметпен Азиз Тюлеевтің ата-анасы.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
СУРЕТТЕ: Ә.Балтабекова.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.