Қостанай ауданының Заречный ауылында ат жарыс өтті. Бәйгеге Республиканың түкпір-түкпірінен тұлпарлар жиналды, тіпті Челябіден де бабы келіскен күлік арнайы келіпті. Әуелі 2-ден 6 шақырымға дейінгі қашықтықта жарыстар өткізілді. Жиылған жамағат әуелі Аударыспақ ойынын тамашалады.
"Қыз қуу" ұлттық ойыны да көрермендер көңілінен шығып, ерекше ықыласпен қабылданды.
Кейін бәсекелі доданың басты оқиғасы – Аламан-бәйгеге өңкей өз өңірлерінің кекілін жел тараған жүйріктері сынға түсті. Мегера, Сапскан, Авраам Линкольн, Рахман, Секретарь секілді лақап есімдермен таныстырылған сәйгүліктердің жеңімпазын алдын ала анықтау мүмкін емес-ті.
Делебесі қозып, тақымын қысып, аламанға аңқайған ағайын көмбеге беттеген жүйріктерді қиқулап қарсы алды. Жолдың көп бөлігінде алдына жан салмаған челябілік Сапсканнан көбі үмітті болған-тын. Алайда өкшелесіп келе жатқан Петропавл қаласының сәйгүлігі алдыдан бір-ақ шықты.
Қара үзген петропавлдық тұлпардың иесі «десятка» автокөлігін қоржынға басты.
Ал екінші орын – Астана қаласының қасушыларында. Тақымдарында – «Нива» темір тұлпары.
Жүлделерді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов, Қостанай қаласінің әкімі Ахмедбек Ахметжанов және өзге де лауазымды тұлғалар табыстады.
Бәйгенің демеушілері – В.Кравец және А.Мамедов есімді қостанайлық кәсіпкерлер.
Айтылмыш, жарыс жайында газетіміздің кезекті санынан кеңірек оқи аласыздар.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген:Бағдат Ахметбеков