Байғабылдағы спорт бәсекесі
Аманкелді ауданындағы Байғабыл ауылында мектеп оқушыларының қысқы спартакиадасы мәреге жетті. Ауылда соңғы кездері қысқы спорт түрлеріне аса мән берілген. Биылғы жылы мектеп жаңа спорт жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, балалар бір қуанып қалған-ды. Жаңадан келген коньки аяқ киімдері мен шаңғы құралдарын, көз тартарлық хоккей бұйымдарын көрген оқушылардың спортқа деген қызығушылығы одан сайын арта түскені белгілі. Мектеп мұғалімдері осы доданың алдында шаңғы жолдарын салған болатын. Дәстүрлі түрде өткізілетін бұл жарысқа барлық сыныптың оқушылары бір кісідей қатысты. Спорт сайыстарына ұлдармен қатар нәзік жандыларымыздың атсалысқанын айта кетейік.
Спартакиада жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген үш топтың(1-4 сынып, 5-7 сынып, 8-11 сынып) арасында өтті. Жарысты мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері ұйымдастырды. Спартакиада бағдарламасымен таныстырып, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Алдымен бастауыш сынып оқушылары сынға түсті. Шаңғымен жүгіру бойынша С.Марат пен Д.Сүгірбай бірінші орынға ие болды. Биыл спартакиада ойындарының қатарына шана жарысы да қосылды. Үшінші сыныптың үздіктері А.Жұматай мен А.Нағашыбай бұл сында озып шықты.
Шаңғы эстафетасында жетінші сыныптың ұлдары мәре сызығын бірінші болып кесті.
– Биылғы спартакиадаға қардағы футболды қосуды ұйғардық. Нәтиже жаман емес деп ойлаймын. Оқушылар жеңіске деген талпыныстарын көрсетті. Қарда доп тебуді жақсы үйренген алтыншы сынып жігіттері бірінші орын алды, – деді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қанат Өміртаев.
Қарсыластарынан оза шығып, жоғары көрсеткішке қол жеткізген Перизат Әбікен, Әли Қойшыман, Нұрбек Айтмұхамбет, Жансая Әбікендер ауданда өтетін жарысқа жолдама алды. Спартакиаданың қызған тұсы хоккей еді. Мұз айдынында өткен бәсекеге ауыл тұрғындары да жиналды. Жиылған жұртқа таңсық емес хоккей көптің делебесін қоздырды. Айтпақшы, тартысты өткен «Ғизат» және «Асхат» матчында аға сынып оқушыларымен бірге жас ұстаздар да өнер көрсетті. Бұл болашақ хоккейшілерге сенімділік берді. Ойын 7:6 есебімен «Ғизат» командасының жеңісімен аяқталды. Айдында атой салып, жұрттың қошеметіне бөленген Ғ.Кеделбаев «Үздік ойыншы» атанды.
Спартакиаданың жалпы есебінде үшінші және жетінші сыныптар өз топтарында бірінші орынды иеленді. Жоғарғы буын өкілдерінен 10 «а» сыныбы тұғырдың биік сатысынан көрінді. Жеңіске жеткен жас спортшылар мақтау қағаздарымен марапатталды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ.
Аманкелді ауданы.