Шоқан қажы Әмірханов, Қостанай қалалық мешітінің бас имамы: Дініміз қанат жайды
Қазақ елі тәуелсіздік алғалы ата-бабамыз талай ғасырлар бойы армандаған, арманына жете алмай кеткен дүниелері қайта оралды. Ол – ұлтымыздың баға жетпес мұралары, тарихы, салт-дәстүрі. Міне, осы құндылықтармен бірге дәстүрлі дініміз – ислам кеңінен қанат жайды. Жер-жерде мешіттер салынып, халықтың имандылыққа ынта-ықыласы артты. Шекарамыз айқындалып, әлемдік картада Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекет пайда болды. Тұңғыш рет біздің тәуелсіздігімізді қандас, бауырлас Түрік елі мойындады. Бұның бәрі – тәуелсіздігіміздің арқасы.
Жақында ғана өздеріңіз куә болдыңыздар, қаламызда жаңадан мешіт ашылып, барлық жамағаттың басы бір арнаға тоғысты. Бұл да баянды болғай, тәуелсіздігіміздің берекесі емей немене?! Еркін, ынтымақта, ұлт пен ұлыстың достығын мызғымастай етіп отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясаты бұл!
Ендеше, қадірлі ағайын, білектің күшімен, найзаның ұшымен ұлан-ғайыр атырапты аманат қылған бабалар ерлігін ұмытпай, имандылығымызды берік, рухымызды асқақ еткен Тәуелсіздігіміз баршамызға баянды болсын!