Қостанайлық полицейлер есірткі тасымалының жолын кесті
Арнайы операция барысында полицейлер заңсыз айналымнан 1,5 келіден астам "синтетиканы" тәркіледі. Жедел іздестіру іс-шараларының барысында Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өңір аумағында жасырын "қойып кету" жолымен синтетикалық есірткі құралдарын өткізуді жүзеге асыратын интернет-дүкеннің мүшелерін анықтады.
Тінту іс-шараларын жүргізу кезінде полицейлер синтетикалық есірткілерден басқа, ұсталғандардың тұрғылықты жері бойынша заңсыз өсірілген құрамында есірткі бар өсімдіктерді тәркіледі.
– Күдіктілер аймақ аумағына "қойып кету" арқылы 1,5 келі "синтетика" таратуды көздеген. Қостанай облысының 27 және 29 жастағы екі тұрғыны мүше болған интернет-дүкен өңір аумағында 4 айға жуық жұмыс істеген, – деді Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Дүйсембай Байбосынов.
Полицейлер 297-баптың 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.