Кәмелетке толмаған қыздар жасырын алыс сапарға шығып кеткен

Рудный қаласының полицейлері Ақтауға бет алған кәмелетке толмаған балаларды ата-аналарына қайтарып берді. Бұл туралы облыстық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
12 ақпанда сағат 22.50 шамасында "102 " пультіне 16 және 13 жастағы екі қыздың үйден кетіп қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Көмекке жүгінген ата-ана қыздарының Тобыл станциясынан Ақтау қаласына кетуі мүмкін екенін айтыпты.
Хабарлама келген бойда Рудный қаласының тәртіп сақшылары пойызды тексеруге кіріседі. Вагондардың бірінен жоғалған қыздарды тапқан полицияның желілік бөліміндегі әріптестерімен бірден байланысқа шыққан. Екі қыз Ақтөбе облысының "Айка" станциясында пойыздан түсірілді. Олар Қамысты ауданының полиция бөліміне жіберіліп, сол жерден үйлеріне жеткізілді.
– Қыздар жазда Рудныйда танысқан Ақтаудағы достарына барғылары келгенін айтты. Іздестіруге көптеген полицей жұмылдырылды. Нәтижесінде, екі сағаттан кейін біз олардың орналасқан жерін анықтадық, – дейді Рудный қаласының кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Ақылжан Сәрсембаев.
Ата-ана балаларын үйге аман-есен жеткізгені үшін полицейлерге алғыс айтты.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓