Киіктер қалай қорғалуда?

Акция нені көздейді?
Кейінгі жылдары киіктер біртіндеп көбейіп келеді. Себебі, қызыл кітапқа енбей қалғанымен, аулауға заң жүзінде тыйым салынып, мемлекет тарапынан нықтап қорғауға алынған еді. Ол туралы "Ақбөкен" кең ауқымды табиғат қорғау акциясы аясында өткен жиын барысында айтылды.
"Жалпы еліміздегі киіктердің үш популяциясы бар болса, оның біраз бөлігі "Орал" популяциясына тиесілі – шамамен 842 мың басты құрайды. Біздің "Бетпақдала" популяциясында оның саны 489 мыңға жетіп отыр (2021 жылы бар-жоғы ұзын саны 285 мыңды құраған). Қалған аз бөлігі "Үстірт" популяциясының еншісінде. Еліміздің аумағын осы күні 1 млн 300 мыңнан астам ақбөкен мекендейді", – деді "Охотзоопром"ӨБ" РҚКМ орталық аймақтық филиалының басшысы Шындос Омаров.
Қысқы уақытқа аяқ басар тұста күштілері топтан бөлініп шығып, әлсіреу кезеңін басынан өткереді екен. Сол мезетте киіктерге броконьерлік шабуыл жасалмау басты назарға алынып, соған байланысты ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірігіп, табиғат қорғау акциясын ұйымдастыру кең көлемде дәстүрге айналды. Биылғы шара айдың басынан аяғына дейін жүргізілмек (1 желтоқсан мен 31 желтоқсан аралығында). Науқанға еліміздің  көптеген өңірі мен Қостанай облысының бірнеше мобильді тобы жұмылдырылуда. Нақты айтқанда, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының құрамы, "Охотзоопром"ӨБ" РҚКМ, құқық қорғау органдары, табиғи ресурстар басқармасы жұмылдырылып, киіктің ұзын саны жайылған Аманкелді, Жанкелдин, Науырзым аудандары мен Арқалық қаласының аумағында қатаң бақылау іс-шараларын жүргізіп жатыр.
 
Жаза басқанның жүгі ауыр
"Бүгінге дейін біздің мобильді топ он тәртіп бұзу жағдайын анықтады. Оның ішінде киіктен басқа да жануарларға қатысты броконерлік қылмыстық істер бар. Табиғатқа 26 млн 188 мың 65 теңге көлемінде шығын келіп, оның 24 млн 352 мың 850 теңгесі өндіріп алынды», – деп атап өтті облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Жәнібек Ерсұлтанов.
Бүгінде бұл шараға Амангелді тірек пунктінің он инспекторы  жүргізушілерімен қатысып жатыр. Жоғары жылдамдықпен жүретін авто көлік, камаз кунгтермен қамтамасыз етілген. Қатысып жатқан инспекторлардың жабдықталған арнайы құралдары да сақадай сай. Түрлі айғақ, әрекеттердің нәтижесінде Аманкелді тірек пунктінің қызметкерлері 2 қылмыстық, 5 әкімшілік хаттама толтырыпты. Броконьерлерге тағайындалатын жаза түрлері де жеңіл емес. Ақбөкендерді заңсыз өлтіріп, етін, сүйегін, мүйізін тасымалдағаны үшін үш жылдан бес жылға дейін жаза кесіледі. Топпен құрықталған азаматтар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бір мүйіздің айыппұлы 6 млн 891 мың 750 теңгені құрайды. Аналығын өлтірсе 4 млн 824 мың 225 теңге айыппұл төлейді.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі табиғат қорғау полициясының аға инспекторы, полиция майоры Тимур Нұрсаитовтың айтуынша, осы жылы киікке қатысты  үш бірдей заң бұзу фактісі анықталыпты. Оның біреуіне үш жыл алты ай жаза мерзімі мен қомақты айыппұл кесілді. Аталған қылмыс Жанкелдин ауданының аумағында болған.  Тағы бір жағдай Арқалық қаласына қарасты Жаңа қала ауылында тіркелді. Жергілікті тұрғынның үйінің маңынан екі бірдей бөкен мүйізі табылған. Ауласын тінте келе жүк көлігінен тағы жиырма сегізі шыққан. Бұл туралы мәлімет сот қарауына жіберілгенін айтады. Ұлытау шекарасының маңында тіркелген үшінші жағдайдың ақ-қарасы анықталуда.
 
                                                                                                        
                                                                                                       А. ЖҮЗБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓