Жатақхана салынып жатыр
Қалаға білім іздеп келген еліміздің жастарын жатақханамен қамту үшін елімізде барынша кең көлемде қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі – Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері үшін салынып жатқан жатақхана. Пушкин көшесінде орналасқан нысан 3 қабатты 4 жатақханадан тұрмақ. Ғимарат 324 студентке шақталған. Құрылыс жұмыстарын «Статус Трейд» серіктестігі жүргізіп жатыр. Компания маңызды шаруаға өткен жылдың тамыз айында кірісіпті. Бүгінде жұмыстың 50 пайызға жуығы тәмамдалған.
«Жылдан-жылға студенттердің саны өсіп келе жатыр. Қазір екі оқу орны біріккен соң бұрынғыдан қарағанда жатақханаға сұраныс көбейе түсті. Ол негізінен бұдан төрт жыл бұрын жоспарланған. Сол уақыттағы сұраныс бойынша салынуы керек болған, бірақ белгілі бір себептермен кешіктіріліп мердігерлер ауысып, екі университеттің қосылғаны да себеп болды. Енді бүгінгі таңда жергілікті әкімшіліктің көмегімен мердігер табылып, осы құрылыс аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстарына жоба бойынша 800 млн теңге қаражат бөлінді. Бірақ қаржыны төлейтін бұрын Білім және ғылым министірлігі болса, қазір Ғылым және жоғарғы білім министірлігінің қаржы орталығы бар. Сол арқылы мердігерге 8 жыл көлемінде сол қаржы қайтарылады. Ол қаржы мысалы, бірден университеттен бөлінбейді. Таза бюджеттен бөлінеді. Құрылысқа толықтай мердігер жауап береді. Біз бұл жерде тек қана 324 орынға арналған жатақхананы тапсыруға, студенттерді орынмен қамтамасыз етуді жүргіземіз. Мердігер өзінің салған ақшасын мемлекеттен қайтарып алғанға дейін жатақхана мердігердің құзырында болады. Ол өз ақшасына салғандықтан қаражат қайтарылғанша өзі иелік етеді. Жатақханада тұру бағасы студенттердің қалтасына қарап, шәкіртақысына қарап белгіленуі тиіс. Жаңа айтып кеткендей бұл мемлекеттік бағдарлама, «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» аясында салынуы керек болатын», – ҚӨУ әлеуметтік-мәдени даму проректоры Нұрлан Мәмиев.
«Үш қабаттан төрт корпустың сыртқы жұмыстары бітіп қалды. Ішкі жұмыстары жүріп жатыр. Батарея, жылу дайын тұр. Құрылыс жұмыстарын күзге дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Жоспардан сәл қалып келеміз. Оған материалдың уақытында жетпеуі және қазіргі экономикалық белгілі бір себептер кедергі болып тұр. Қазіргі уақытта сыртқы құрылыстары бітіп қалды. Екі, үш кампус болды, енді төртінші капмусты бітіріп жатыр», – дейді жауапты мердігер компанияның жауапты өкілі Сергей Кружунов.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.