Шалқыған шабыт кешінде
Марапат жауған күн. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесіне арналған іс-шараны бір сөзбен осылай атауға болады. Қостанай қаласындағы Жастар сарайында өткен салтанатты жиында осы салада еңбек етіп жүрген 40 адам және 15 ұжымға түрлі дәрежедегі марапаттар табыс етілді.
Өңір өнерпаздарының кейінгі екі жылда қол жеткізген табысы орасан. 2021-2022 жылдары шығармашыл ұжымдар мен солистер халықаралық, республикалық байқауларда, фестивальдерде лайықты өнер көрсетіп, 169 жүлделі орынға ие болған. Оның 41-і гран-при екенін айта кеткен жөн.
Мереке иелерін Қостанай облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтады.
«Өткен жылы аймақтың мәдениет ошақтарын жөндеуге жарты миллиард теңге (498 2 млн теңге) жұмсалды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қарасу ауданының Октябрь ауылдық кітапханасы, Қарабалық ауданының Научный мәдениет үйі жөнделді. Биыл мәдениет саласын инфрақұрылымдық дамыту жұмыстары жалғасын тапты. Ұзынкөл ауданының Ершов ауылында Мәдениет үйінің құрылысы басталды. Қарабалық ауданы Тоғызақ ауылындағы, Меңдіқара ауданы Михайлов ауылындағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткізіледі. Сарыкөл аудандық мәдениет үйінің шатыры қайта жаңғыртылады. Денисов аудандық кітапханасының жөндеуі аяқталады. Торғайдағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың әдеби музейі жөнделіп, реэкспозиция жұмыстары жүргізіледі», – деді әкім құттықтау сөзінде.
Сондай-ақ облыс басшысы мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосымша 337,4 млн теңге қаражат қаралып отырғанын мәлім етті.
Салтанатты кештегі әуелгі марапат «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі 10 адамға табысталды. Тағы осынша қызметкерге Мәдениет және спорт министрлігінің грамотасы мен алғыс алғыс хаты берілді. Келесі 10 адам облыс әкімінің мақтау қағазына лайық деп танылды.
Мәдениет саласының үздігі атанғандардың бірі – Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның аспапшы-артисі Мәлік Нұрғалиев. Ол көптеген байқаулар мен фестивальдердің жеңімпазы. Бірнеше аспапты меңгерген шынайы дарын иесі. Қазақтың күй өнерін шетелдерде де паш еткен домбырашы.
«2002 жылы оқу бітіріп, Тобыл қаласындағы музыка мектебінде жұмысқа тұрдым. Сонда домбыра сыныбын ашқан едім. Әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп келемін. Оркестр жасақтап шығардым. Оқушыларым көп байқауларда лауреат атанды. Одан бөлек үлкен өнер ордасы саналатын филармонияда еңбек етіп жүрмін. Осы ұжыммен де талай елдің сахнасында өнер көрсеттім. Осындай еңбегім еленіп жатқанына шын қуаныштымын», – дейді Мәлік Нұрғалиев.
«Рухани қазына-2022» республикалық февтивалінің облыстық кезеңінде ерекшеленген ұжымдар мен қызметкерлер де құр алақан қайтқан жоқ. Қостанай облысының тарихи-өлкетану музейі, Жанкелдин ауданының Торғай мұражайлар кешені, Ы.Алтынсариннің облыстық мемориалдық музейі, Қарабалық ауданы Научное ауылдық үлгілі кітапханасы және басқа да мәдени орындар үздіктер қатарынан көрінді. Оларға 200 мың теңге ақшалай сыйлықтың, ал облыстан дара шығып, республикалық сынға қатысып келген қызметкерлерге 100 мыңның сертификаттары ұсынылды.
Федоров ауданы «Өнеріміз саған, Қазақстан!» облыстық көркемөнерпаздар фестивалінің кезекті рет жеңімпазы атанды. Былтырғы өнер додасында да аталған ауданның өнерпаздары жоғары көрсеткіш көрсеткен еді. Биыл бірінші орын алған ұжымға 3 млн теңге берілді. Екінші орынды Аманкелді ауданы мен Арқалық қаласы (екеуіне 2 млн теңгеден), үшінші жүлдені Қостанай ауданы мен Рудный қаласы (екеуіне 1 млн теңгеден) иемденді.
Салтанатты кеш үздік өнер ұжымдарының концертіне ұласты.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ