Жылу құбырын жаз сайла

«Қостанай жылу-энергетика компаниясы» МКК жабдықтарды жөндеп, жоғары қысымды магистральді жылу желілерін сынау жұмыстарды жүргізетінін хабарлады.
Кәсіпорын мамандары құбырларға сынақ жүргізу кезінде жер үстінде төселген жылу трассаларының жанында сақтанып жүруді ескертеді.
Жылу көздерінің жабдықтарын тоқтату 11 мамырдан 7 маусымға дейін жалғасады.
Жылу желілеріне сынақ жүргізу күндері:
12 мамыр – №3 қазандыққа қосылған қаланың оңтүстік бөлігі;
17, 18 мамыр – ЖЭО қосылған қаланың орталық бөлігі;
20 мамыр – №2 қазандыққа қосылған қаланың солтүстік бөлігі;
24 мамыр – №12 қазандыққа қосылған Әуежай шағын ауданы;
26 мамыр – БМҚ-93 қосылған Юбилейный шағын ауданы.
«Ғимараттар мен құрылыстардың меншік иелері, сондай-ақ қысымды сынау аймағында орналасқан тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ұйымдар (ПИТК, МИБ, ҚС төрағалары) құбырлар мен жылыту құрылғыларының жарылуын болдырмау үшін нысандардағы ішкі жылу желілерін алдын ала ажыратуы тиіс. Ыстық су уақытша тоқтайды. Тұтынушылардан қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз», – делінген жылу компаниясының хабарламасында.
Келесі жылу беру маусымына дайындық жүргізу үшін, жыл сайын жаз кезінде жылу желілеріне көктемгі гидравликалық сынақ жасалып тұрады. Аталған жұмыс сол кестеге сәйкес жүргізіледі.
Қаланың жылу көздері ЖЭО, №2 және №3 қазандық сияқты негізгі қазандықтардан, сондай-ақ шағын қазандықтың 9 цехынан тұрады. Кәсіпорынға тиесілі жылу желілерінің ұзындығы – 246 км, оның ішінде магистральді желілер – 38 км, орамішілік желілер – 208 км.
Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев сәрсенбі күні компанияның бірқатар нысандарын аралап көрді. Онда шаһар басшысы анықталған олқылықтар мен ақауларды уақытылы реттеп, жылу желілерін жіті тексеруді тапсырды. Қазіргі уақытта кәсіпорын негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу бойынша жоспарды орындауға кірісті.
Баймағамбетов-Гоголь көшелерінің қиылысында жылу желісін жөндеу аяқталуға жақын. Осы жылдың 9 мамырына дейін бұл учаскедегі жұмыстар толықтай бітіп, автокөліктерге жол ашылады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓