Әйгілі әннің кейіпкері
"Жайнаған дала көктемдей,
Шуған жанға төккендей.
Торғай қызы салған ән
Еркелеп маған жеткендей".
Бұл – "Торғай қызы" атты әйгілі әннің қайырмасы. Туындыны белгілі композитор Болат Хамзин, ал оның сөзін танымал ақын Серік Тұрғынбекұлы жазған. Торғай қыздарының гимніне айналған осы шығарманың кейіпкері қарапайым ауыл қызы екенін білесіз бе?Әсем әннің өмірге келуіне себепкер болған еңбек адамы қазіргі таңда Жангелдин ауданының Тәуіш ауылында тұрады. Күнжәмила Есекейқызы бүгін жетінші мүшелінен шығып, 85 жасқа толды.
Әжеміз 1936 жылы 21 қыркүйекте Торғай ауданының Сарысу ауылында өмірге келген. Ол ата-анасының жалғыз қызы еді. Жергілікті Қаратүбек орта мектебінің ең алғашқы түлегі. Оқуды үздік бітірген. Алғыр, ұқыпты, көзінде оты жанып тұрған түлекті атақты жазушы Мұхамеджан Дүзенов Алматыға оқуға баруға үгіттейді. Алайда ата-анасы жалғыз баласын алысқа жіберуге қарсы болды. Бірақ бойжеткен оған мойымады. Шопан таяғын қолына алып, қой бағуға кірісті.
"Шопанның жалғыз қызы болғандықтан, шопанның құрығын қолға ұстадым. Торғай көлеміндегі жалғыз шопан қыз болдым. Әкемнің айтқанын бұлжытпай орындадым", – дейді кейуана.
Табиғатынан тындырымды Күнжәмила Есекейқызы ауыр бейнетті де ұршықша үйірді. Жеті жүз қойды төлдетіп, табысымен көзге түсіп, ел аузына ілінді. Қаршадай қыздың қайсарлығын халық аңыз қылып айта бастады. Алматыға делегат болып қатысып, танымалдығы артты. 1957 жылы халық ақыны Нұрхан Ахметбеков Сәт Есенбаевпен айтысында:
"Қалайша қызымды айтпай жай қалайын,
Көргенде өз баламдай аймалаймын.
Қой бақты орта мектеп бітірген соң,
Қарағым, Күнжәмилам, айналайын.
Оңай ма жеті жүз қой жас балаға,
Ержүрек туған бала жасқана ма?!
Бәрі де сыйлық алып қырық жылдықта
Атағы мәлім болды астанаға", — деп шабыттана жырға қосты.
Қақаған аяз, ақ түтек боран, аптапты ыстықта ат үстінен түспей қой жайған қызды мадақтап, кәсіби композитор Болат Хамзин ән арнады. Ол 1968 жыл болатын. Ақын Серік Тұрғынбекұлының бір сұқбатында айтқанындай, бұл шығарма партияның жастардыжұмысқа жігерлендіру ісін насихаттау керек деген тапсырмасы бойынша өмірге келген. Бірақ шынайы шабыттан туындаған ән халық арасына тез тарап, үлкен сахналарға жол тартты.
"Бұл әннің халық жадына сіңгеніне жарты ғасырдай уақыт өтті. Менің мектеп бітіріп, 18-19 жасымда Тосын құмынан, Ақшығанақ ауылынан Торғайға келіп аудандық газетті қызмет істеп жүрген кезім еді. Баспа беттерінде жарық көріп тұратын топтама өлеңдерімді назарына алып жүрген Болат Хамзин бір күні маған ұсыныс тастады. Кейіпкерді сөзбен суреттеп беріп, осылайша жазып берсең деді. Сәтті шыққан шығарма болды. Болаттың басқа әндеріне де сөз жаздым, бірақ "Торғай қызының" жөні бөлек", – дейді ақын.
"Нәр алып күннен, жаралған гүлден,
Кеудемде күй боп толғайтын,
Қой жайып жалғыз, жапанда жүрген
Қызы ғой ол да Торғайдың", — деп басталатын әнді Торғай өлкесінде білмейтін жан жоқ. Оны насихаттаушы әншілер де көп. Алайда бұл туындыны ең алғаш белгілі әнші Рысты Ерденова орындапты.
"Торғай қызы" әні 1968 жылы шықты. Алғаш рет мен орындадым. 1971 жылы Торғай облысы ашылған кезде "Торғай әуендері" атты фестиваль болып, осы әнмен бас жүлдені жеңіп алған болатынмын. Бұл "Қазақ радиосының" алтын қорында бар", – деген еді осы әннің тарихы туралы түсірілген хабарлардың бірінде Ы.Ерденова.
Сондай-ақ, бұл әнді көп жылдар бойы Отаркүл Мұқатова, Ғазиза Жұмекенова, Бикен Махмутова, Ботагөз Дүбірбаева сынды талантты әншілер шырқап келеді. Жастар арасына "Шаһар" тобының орындауында тез тарады.
"Алматыға оқуға барамын" деген арманым болып еді. Бірақ ата-анамның сөзін жерге тастай алмадым. Оларды мәпелеп күтіп, перзенттік парызымды адал атқарғаным жаныма қуат берді. Еңбегім еленіп, ән-жырға қосып жатты. Шынын айтсам, соған ұялатынмын. Өмір бойы ауылда, ағайынның ортасында тұрдық. Қайын аға, қайын аталарым бар. Солардың алдында ізет сақтап, бұл әннің маған арналғанын тіс жарып айтпадым. Алайда, қайда барсам да "Торғай қызы" орындалып, халық мені төбесіне хан көтеріп қарсы алып жататын. Бұл бір жағынан үлкен жауапкершілік қой. Мен мақтанбадым, қайта жұмысымды сапалы істеуге тырыстым. Әр адам өз дәуірінің лайықты перзенті болуы керек. Біздің буын қоғамға қызмет етуді басты парыз санады. Балаларымды да солай тәрбиеледім", — дейді Күнжәмила әже.
Еңбекте ерен, өжет қыз 1959 жылы Қабдыраш Төлебаевқа тұрмысқа шықты. Жұбайы алғашқы тың игерушілердің бірі, мақтаулы механизатор болатын. Екеуі алпыс бір жыл тату-тәтті өмір сүрді. Өмірге он бала әкеліп, оқытты, тоқытты.
Күнжәмилә әжей бүгінде 14 немере, 8 шөбере сүйген бақытты әже. Жангелдин ауданы, Жаркөл ауылында, ағайынның ортасында, ұл-қызының қолында тұрады. Жалғыз-ақ өкініші – жетінші мүшелінде жұбайының жанында болмағаны. Қабдыраш ақсақал биыл дүниеден өтті.
"Тілейтінім – ұрпағымның амандығы, елдің жұрттың тыныштығы. Кезінде ел алақанына салған Торғай қызы болдым. Бүгінде ауылым ақыл сұрайтын анамын. Адал еңбек еттім, жемісін көрдім. Адам баласына одан артық не керек?! "Белгі бекзаттан қалады" дейді. Өлмес әннің кейіпкеріне айналдым. Өзімді бақытты жан санаймын", — дейді Күнжәмила Есекейқызы.
"Торғай қызы" әнін Күнжамал әженің өз балалары да орындап жүр. Бір баласы Бақыт Төлебаев өнер жолын қуды. Бүгінде аудан көлеміндегі мақтаулы музыканттардың бірі. Анасына арналған атақты ән оның репертуарында тұрақты айтылып жүр.