Бішкектен бас жүлдемен оралды

Қырғызстанда өткен халықаралық сөз сайысында Айтыс ақтаңгері, жерлесіміз Айбек Қалиев топ жарды. Бұл туралы ЭК тілшісі жазады.
30-31 тамыз күндері Қырғызстанда ХІV халықаралық айтыс өтті. Дүбірлі жыр додасы Қырғыз Республикасының 30 жылдығына арналды. Сондай-ақ, "Айтыш" қоғамдық қорының 20 жылдығы, Ж.Жабаевтың 175 жылдығы мен Жеңіжоқ ақынның 160 жылдығы аламан айтыстың басты тақырыбы болды.
Айтысқа Қазақстаннан Айбек Қалиев, Аспанбек Шұғатаев, Ержеңіс Әбді, Нұрлан Есенқұлов, Алтынбек Ибрагимов, Нұрмат Мансұр, Бөрібай Оразымбетов, Мұхтар Ниязов сынды таңдаулы сегіз ақын қатысты. Қырғыз жағынан да сонша ақын сахнаға шыққан. Ақтық сында солардың ішінен оза шауып Айбек Қалиев бас жүлде — 450 мың сомды иеленді.
"Басты тақырып, әрине, Қырғызстанның Тәуелсіздігі. Алайда, маған айыр қалпақты ағайындардың Жамбыл бабамызды да ұлықтағаны ұнады. Нағыз ел бірлігін жырлаған айтыс болды. Мен қырғыздың үш ақынымен – бірінші Қуат Төкешовпен, екінші Тұрат Жұмаевпен, үшінші Ахметбек Сұлтанұлымен сөз сайысына шықтым. Біреуінен озып, екеуімен тең түстім. Ең жоғары балды иеленіп, бас бәйгеге Асылбек Манаповпен бірге жеттім. Жоғары деңгейдегі жыр жарысы болды деп есептеймін. Елге жақсы көңіл-күймен оралдық", — деді Айбек Қалиев ЭК тілшісіне.
Айта кетейік, айыр қалпақты ағайындар ұйымдастырған аламанның 1-орнын Аспанбек Шұғатаев еншіледі. 2-орын Нұрмат Мансұровтың қанжығасында. Мұхтар Ниязов пен Ержеңіс Әбді айтыстың арнайы жүлделеріне ие болды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓