14 млн теңгеден астам айыппұл салынған

Жыл басынан бері Қостанай облысы аумағында жүк көліктерінің жүргізушілеріне артық жүк тиегені үшін 14 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. 

фото: inform.kz
"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" облыстық филиалы мамандары көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлерімен бірге тасымалдау ережелерінің бұзылу фактілерін анықтады.
Жүк тиеудің рұқсат етілген нормаларынан асып кетуі жолдарды мерзімінен бұрын істен шығарып жатыр. Ауыр жүк машиналары жүргізушілерінің жауапсыздығына жолын бермеу үшін рейдтер жиі жүргізіліп тұрады. Бірақ бұл жұмыс әзірге тиісті нәтижесіз. Өйткені бірнеше ауыр жүк көлігі тексерілгеннен кейін рейд туралы ақпарат тарап, қалған машиналар жолға шықпай қояды.
"Өңірде көлік инспекциясының тек екі жылжымалы бекеті бар екенін атап өту қажет, бұл автомобиль жолдарының барлық бағыттарын қамтуға жетпейді. Ауыр жүк көлігінің көп қозғалысы кен орындары орналасқан бағыттарда байқалады. Осыған байланысты 2020 жылы орталық филиалы көліктік бақылау инспекциясына тасымалдау фактілерін тіркейтін фото-бейне камераларды орнату жөнінде ұсыныс білдірген. Бірақ бұл ұсыныс әлі қолдау тапқан жоқ", – деп атап өтті "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" облыстық филиалы директоры Абылайхан Алшынбаев.
Айта кету керек, жыл басынан бері Қостанай облысының аумағында нормадан асатын жүк тасымалдаудың 79 фактісі тіркелген. Анықталған фактілер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, соған сәйкес айыппұлдар сомасы 14 млн 279 мың теңгені құрады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓