Ауылдың бүгінгі иесі кім?
Тілші ретінде аудан-ауылдарға іссапарларға жиі барамыз ғой. Сол елді мекендерде тәуір еңбек етіп жүрген жас мамандарды біршама уақыттан кейін облыс орталығында ұшырастырасың. «Бәленше ауылда жұмыс істеп жүр едің ғой?» деп сұрай бастасаң, беретін жауабының көбі: «Қалаға көшіп келдік, ипотекаға пәтер алып жатырмыз». «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейтін тәмсілге сүйенсек, ауылдан алыстап бара жатқан жоқпыз ба деген ой келеді кейде.
Бірақ осы жолы Қостанайдан жүз елу, Әулиекөлден елу шақырым жерде заманында Мәскеуді таңғалдырған Мәскелеу елінде болғанымызда, ауылда отырып та жайлы өмір сүруге болатынына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Қазір мұнда 700-дей жан түтін түтетіп отыр. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Торғай аймағынан, көрші Науырзым, берідегі Әулиекөлден көшіп келіп, орта толтырған ағайын аз емес. Жасұлан Қарақұлов, Қабидолла Тұрғынбек есімді азаматтар қазір ата кәсібіміз мал өсіріп, өздерін асырап отырғандар қатарында. Күнкөрісін қамдап, балаларын оқытып жатқан бұл жігіттер ендігі кезекте мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, мал азығына деп техника сатып алуға бел буыпты.
Сүт-май да – табыс көзі
Рас, ерінбей, ебін тапсаң кез келген шаруаны нағыз табыс көзіне айналдыра алатыныңызды Мәскелеу елді мекеніне барсаңыз куә боласыз. Бұл жерде сиыр сауып-ақ сүт-қаймақ, майын айырып отырған отбасылар аз емес. Солардың бірі – Лариса Роде ауыл әйелдеріне тән кәсібін ұстанып отыр. Қазір қолында әулиекөл тұқымды бес сиыр сауып отырған ол мал өсірген соң ниетің болу керек дейді.
– Ауыл әйелдерінің көбі мал емшегін жатырқайды. Таңертең сауымнан оралып жатқанымда, «Лариса, бәлен литр, түген литр сүт берші» деп келетін жас келіншектер көп. «Өзің неге сиыр ұстамайсың?» десем, «Қора сасып кетемін» дейді. Жануарға өзің қаншалықты үйреніп алсаң, оның да саған берері мол. Қайта табиғи таза тамақтың бәрі өзімізде. Таңғы төртте тұрамыз. Сиырларым 12-14 литрден бергенмен, сүті өте қою, құнарлы келеді. Қазір ауылдың өзінде сары майдың келісі 3500 теңге. Сол себепті, өзімнен артылса сатамын. Ал, жаз бойы енесінің жанында болған бұзаулары да саудаға кетеді, – дейді Л.Роде.
Ларисаның көршісі Галина Шестакова да бес сауын сиырын ұстап отыр. Он бес жылдан бері сүт, қаймақ-май сатып келеді.
– Осында туып-өстім. Күйеуім Валерий автогаражда күзетші. Екі балам бар, ересек. Қазір сары май дегеніңіз қолда тұрмайды, дереу сатып алып кетіп жатыр. Адамдар 10-15 келіден тапсырыс береді, соларды жинап-жинап сатамын. Кеше жиналып тұрған майды алып кетті. Малдан бөлек, бау-бақшамыз да бар. Күзде алған өніміміз өз отбасымыз бен қаладағы екі баламызға артығымен жетеді, – дейді Галина.
Бір қызығы, кейіпкерлеріміз ырымдап сиырларын, тіпті, майды да көз тиеді деп көрсетпеді. Тек, бүгінгі сүттен айырған қаймақты ғана суретке тартуға әрең көндірдік…
Бағбан әжей
Москалев тұрғындары Криворотько әулетін өте жақсы біледі. Кезінде отағасы Владимир осы елде учаскелік инспектор болған, майор шеніне дейін өскен адам. Бірнеше жыл бұрын дүние салғанмен, шаңырағындағы қазіргі шаруаның барлығы жұбайының қолына көшіпті. Евфалия Павловнаны 75 жаста деп айтпайсыз. Әлі тың. Ауласына кіреберістен маңайдың шөбі шабылған, шарбағы сырлап-боялған. Ал енді қақпадан әрі өтіңізші – үйінің сыртын ботаникалық бақ дерсіз. Ат шаптырым аумақта бос орын жоқ – қызыл-жасыл гүлдеп келе жатқан көкөніс, жеміс-жидек өсімдіктері мен мәуелі ағаштарға толы. Ең бастысы, барлығы орын-орынына қойып қойғандай құлпырады. Есік алдынан бастап шырмала өскен жүзім ауладағы шарбақ-қоршауда төгіліп тұрады. Осының бәрін жалғыз адам өзі күтіп-баптап отыр.
– Көктемде жерді қазып беруге қаладан балаларым келеді. Былтырғы өнімнің тұқымдарын отырғызамын. Су орталық құбырдан келіп тұр. Бақшамдағы көкөніс-жемістер енді-енді қылтиып келе жатыр. Жаз ортасында бұл жер суреттегідей құлпырады. Гүлдердің қаншама түрі бар. Күздің күні көкөністерді тұздағанмен бірге, түрлі жеміс-
тердің шырынын қайнатамын. Екі жыл бұрын бір ғана шиенің 100 шелегін жинап алдым, – деді бағбан әжей.
тердің шырынын қайнатамын. Екі жыл бұрын бір ғана шиенің 100 шелегін жинап алдым, – деді бағбан әжей.
Евфалия Криворотько үшін ет, жұмыртқа да мәселе емес – қорасы толған құс. Биылдың өзінде тауықтың жүз балапанын санап отыр. Міне, нағыз үлгі аларлық жан!
Болашақ – жастарда
Кіндігі ауылда байланған байырғы тұрғындардан бөлек, ортаны толтырып жүрген жас мамандар да баршылық. Солардың бірі «Мәскелеу» ЖШС зоотехник-селекционері Кристина Пышлакова. Аудан орталығынан ауылға бет бұрған 24 жастағы Кристина асыл тұқымды малды бұзау кезінен аталық-аналық болғанына дейін толық есебін жүргізіп, тіркеуге қояды. Жастардың көбі қалаға қашып жатса, ол керісінше, ауылдың таза ауасын жұтып, тыныш жерге бауыр басып қалды.
– Серіктестікте үш жылдан бері жұмыс істеймін. Университеттің соңғы курсында осы шаруашылықта практикадан өттім. Дипломдық жұмысым әулиекөл тұқымына қатысты болды. Оқуды аяқтаған соң басшылық жұмысқа қалуға ұсыныс жасады, мен келістім. Малды өте жақсы көремін. Шаруашылық маған ішіне су кіріп тұрған, дәретханасы, жуынатын бөлмесі бар пәтер берді. Жалақым 180 мың және оған сыйақылар, басқа да қосымша ақша қосылып отырады. Оның үстіне қазір Қостанайда магистратурада білім алып жатырмын. Оқуыма барып-келуіме серіктестік басшылығының еш қарсылығы жоқ, жалақым сақталып тұрады, – деді Кристина.
Ал Мәскелеу орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Жандос Ахметчин осындағы оқу ордасын тәмамдаған соң Қостанайдан жоғары педагогикалық білім алып, 2012 жылдан бері ауылда еңбек етіп келеді. Жұбайы да география пәні мұғалімі, қазір декреттік демалыста. Екі баласы бар, үлкені мектеп жанындағы шағын орталықта тәрбиеленіп жүр. Жас отбасы жұмысқа келген кезде көтермеақыға үй сатып алыпты.
Жалпы, бұл мектепте Ахметчиндерден бөлек, ағылшын тілі, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінен жас мұғалімдер еңбек етіп келеді. Қазір химия-биология пәні мұғалімінің орны бос тұр.
Сонымен, ғасырға аяқ басқан тарихы бар Мәскелеу ауылына көшті бұрамын деушілерге жол ашық. Қазір қалалы жерде жұмыссыз, баспанасыз жүрген қаншама жан осы мүмкіндікті молынан пайдалана алады. Мұндағы білім ордасының салынғанына жарты ғасырдан асып барады. Биыл шатыры мен жылыту қазандығының насосы ауыстырылса, толық күрделі жөндеу 2024 жылға жоспарланған. Серіктестік мектепке тегін тамақ, спорттық жарыстарда, басқа да мерекелік шараларда демеушілігін аяған емес. Ал осы білім ұясының бала санын көбейтіп, еңбек етемін, өсіп-өнемін деген адамға ештеңе кедергі емес. Ат басын ауылға бұр, ағайын!
Мәскелеуге көшіп келуге ниет білдірушілер болса, тікелей мына телефондарға қоңырау шала алады: серіктестік кеңсесі 8 (71453) 94341; серіктестік директоры 8 777 580 41 24, ауылдық округ әкімдігі 8 (71453) 94342; ауылдық округ әкімі 8 777 054 29 81.
Әулиекөл ауданы,
Мәскелеу ауылы.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.