«Мың алғыс саған, қазақ халқы!»

Елбасының «Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы» Жарлығына сәйкес, 1 наурыз Алғыс айту күні деп жарияланды. Еліміз ұлы жұттан басталған зобалаңнан бастап, одан кейінгі Ұлы Отан соғысы сұрапылында туған жерлерінен үдере көшкен сан-мың ұлысқа ортақ шаңырақ болды. Солардың бірі – Қостанайдағы татар-башқұрт қауымдастығы.
IMG_3110
Бүгінде татар-башқұрт бірлестігіне Ринад Бектеміров төрағалық етеді. Әулеттің үлкені Сүйімбике Абдоллақызы 85 жасқа келді. Әжей әлі тың. Есімін атақты Сүйінбике ананың құрметіне қойған. Айтуынша, әкелері Қазақстанға 1943 жылы қоныс аударған. Бертінге дейін Әулиекөл ауданында тұрды.
–  Татар-башқұрттардың елге көшуі Е.Пугачев бастаған көтеріліс кезімен есептеледі. Еділ-Жайық бойындағы көтеріліске қазақтармен қатар башқұрт, татарлар да қатысты. Өзім Ресейде туғанмын. Бірнеше жыл Троицк қаласында тұрып, әкеміз Қазақстанға көшіп келді. Содан бері жүздеген ұлттың өкілдері бір облыста бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде. Қазақ жеріне сұрапыл соғыстың алдында да, одан кейін де қоныс аударғандар көп. Дегенмен қазақтар ешқайсысының кеудесінен итерген жоқ. Қиын кезеңде киім беріп, тамағын ұсынған халыққа бір күн ғана емес, ай сайын, тіпті, апта салып алғыс айтсақ та артық емес. Шүкір, тыныш заманда немерелерімнен 7 шөбере сүйіп отырмын. Ұлым мен келінім қасымда. Бұдан асқан қандай бақыт керек?! – дейді Сүйімбике Абдоллақызы.
Татар-башқұрт бірлестігі ҚР халқының Ассамблеясымен қатар құрылды. Биыл 25 жылдығын атап өткелі отыр. Ринад Бектеміров алғыс айту күнінің маңызы жоғары дейді.
IMG_3092
– Расында, біз кімге алғыс айтуымыз керек? Алдымен, әке-шешемізге, туғандарымызға. Одан кейін қазақ халқына. Кешегі қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген қаншама ұлыс өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен, барымен бөлісті. Өзге ұлт өкілдері қазақ халқының жүрек жылуын, ыстық ықыласын ешқашан ұмытпауы тиіс. Қазақстан – азаматтық келісімді, түрлі мәдениеттер пен діндерді тоғыстырған көпұлтты, зайырлы мемлекет. Алғыс айту күнінің бекітілгенін қолдаймын. Бұл – патриотизмнің, достық пен бірліктің жарқын дәлелі. Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу қажет. Кешегі Қордайдағы жағдай бәріне сабақ болды. Мұндайда бірлікті алдыңғы қатарға қойған маңызды, – деді қауымдастық төрағасы.
Қостанайдағы  «Дуслық» татар-башқұрт қауымдастығы облыстың маңызды шараларының бел ортасында жүреді. Әсіресе, «Ляйсан» вокал тобы мен «Достық» ансамблінің өнері халыққа жақсы таныс.
 
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓