Тариф өспейді
2020 жылы Рудный мен Қашар кентіндегі жылу мен ыстық су тарифтері өзгеріссіз қалады. Бұл туралы «ССКӨБ» АҚ Корпоративтік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Кеншілер шаһарын жылумен қамтамасыз ететін «ССКӨБ» АҚ 76 пайызға дейін өсімі көзделген тарифтерді бекітілген деңгейге көтермейді.
– Әлеуметтік жауапты кәсіпорын ретінде біз жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және жеткізуге байланысты қызметтер үшін төлем мөлшерін 2019 жылдың деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдадық. Бір миллиард теңгеден асатын баға айырмашылығын ССКӨБ өз мойнына алады, – дейді бірлестік президенті Береке Мұхаметқалиев.
Еске салсақ, жылумен жабдықтаушы кәсіпорынның қызметі тиімсіз саналады. Соңғы 5 жылдың өзінде келтірілген шығын шамамен 5 млрд теңгені құрады. Жылу электр орталығында жөндеу науқанын өткізуге қомақты қаражат жұмсалуда. Биыл 4 млрд теңге бөлінді, ал 2014-2018 жылдары шамамен 13 млрд теңге игерілген.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ