Алтай Көлгінов: «Қазақ мектебін ашуға қаржы бөлінеді»

Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгінов Қостанай ауданына қарасты Жуков ауылына барды.
Елді мекендегі ең өзекті мәселенің бірі мектеп ғимаратының талапқа сай болмауы. Ауыл халқының басым бөлігі орыс тілді болғандықтан, қазақ сыныптары жоқ. Алайда, тұрғындар қазақ тілінде білім беретін мектептің болғанын қалайды. Өйткені олар өз балаларының болашағын мемлекеттік тілмен тығыз байланыстырады.
– Шынын айту керек мектеп ғимараты ескі. Оны күрделі жөндеуден өткізгеннен гөрі, жаңадан салғанды дұрыс деп есептейміз. Сол себепті сізден мектеп құрылысына көмектесуіңізді сұраймыз, – деді ауыл тұрғыны.   
Премьер-министрдің орынбасары жобалық-құндық құжаттама дайын болған кезде қаржы бөлінетіндігін жеткізді.
– Облыс әкімі Құмар Іргебайұлымен бұл мәселе жөнінде сөйлескен болатынбыз. Мектептің 100 орыннан кем емес жобасын әзірлеңіздер. Өйткені, мемлекеттік қаржыландыру одан төмен орынға жүргізілмейді. Дайын болған сәтте-ақ біз қаржы бөлеміз, – деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ, кездесу барысында келгендегі мақсатын айтып, ауылдарды дамыту бағдарламасы іске қосылғандығын жеткізді.
– Қостанай облысына сапарым барысында ауыл тұрғындарымен кездесуді жөн санадым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту туралы жарлыққа қол қойған болатын. Яғни, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, табысын арттыру.  Осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасы қабылданды. Жоба аясында сіздер сияқты жергілікті тұрғындар өз кәсібін ашуға сондай-ақ бастаған істерін ары қарай өркендетуге мүмкіндік алады, – деді Алтай Көлгінов.
Жобаның тұрғындарға пайдасы мол. Несие шартары да өте тиімді небары – 2,5%. Ауыл шаруашылық техникаларын да лизингке рәсімдеуге болады.
– Ауылға көшіп келгенімізге үш жылдан асты. Қолда мал ұстап отырмыз. Сиырдың сүтін сатып ақша қыламыз. Осы бағдарламаны естіп жолдасым екеуіміз ақылдаса келе өтініш беруге шешім қабылдадық. Өйткені тиімді тұстары мол. Түлік басын көбейтіп, мүмкіндікті барынша пайдалансақ дейміз, – деді ауыл тұрғыны Гүлжанар Жақыпова.
Үкімет басшысының орынбасары ауылдың болашағы бар екенін тілге тиек етті. Іргеде құс фабрикасы бар, тұрғындардың басым бөлігі сонда жұмыс істейді. Нағыз еңбек адамы ауыл халқы екенін ерекше атап өтті.
– Еңбекқорлықтарыңызбен көпке үлгі бола біліңіздер. Бастаған істеріңізге береке тілеймін. Нағыз еңбектің адамы екенсіздер. Мемлекет басшысы да еңбек адамын алдыңғы кезекке шығарады, – деді ол.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓